Министрдің айтуы бойынша бұл шара осыдан екі жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жапонияға сапары барысында еларалық келісім негізінде қарастырылып, аталмыш міндетті орындап шығу осы ведомствоға тапсырылған екен.
«Осыдан 20 жыл бұрын Мемлекет басшысы 31 мамырды саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жариялап, қазақ жерінде болған саяси қуғын-сүргін оқиғалары қазіргі барша қазақстандықтарға ортақ қасірет екенін айтқан болатын. Осы орайда, біз ауыр тағдыр арқалап қазақ жеріне келген жапондықтар жайлы құжатты өз отандастарына жолдадық», деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Өз кезегінде сөз алған Күншығыс елінің елшісі, қазақ жерінде тағдыр жазуымен тұтқында болып, азап шеккен біздің бауырларымызды еске алып, ресми шара аясында көрсетіп жатқан құрметтеріңіз үшін рахмет, дей отырып, мына бір деректерді келтірді. Кеңес дәуірінде жалпы Одақ аумағында 575 мың жапондық тұтқында болса, осылардың 37-і мыңы Қазақстан жерінде жазасын өтепті. Бұл адамдардың 1500-іне топырақ осы жерден бұйырған екен. Тіпті жазасын өтеп бостандыққа шыққан соң қазақ топырағында қалып қойғандар да бар.
Осылардың бірі – Қарлагта жазасын өтеген Ахико Тецуро. Бұл адам туралы екі жылдың алдында драматург Мәдина Омарова пьеса жазып, оны режиссер Асхат Маемеров сахналаған болатын. Небары 17 жасында Қарлаг тұтқыны болған жігіт Спасск лагерінде 6 жылын өткізіп, босап шыққан соң ол Қарағандының Ақтас деген ауылында тұрақтап қалады. Кейін шахтаға орналасады, зауытта дәнекерлеуші боп жұмыс жасайды. Тецуро украин қызы Еленаға үйленіп, одан 4 бала сүйген. 1989 жылы толық ақталып, жарты ғасырдан соң туған еліне барып, туғандарымен көріскен. Жапония үкіметі оған пәтер сыйлаған. Алайда, онда үш жыл тұрған соң Ахико қария Қазақстандағы үйіне қайтып оралған.
Шара барысында елші мырза Итиро Кавабата бұл спектакль 2017 жылдың аяғында өз елінің сахнасында қойылып, жапондық көрермен тарапынан жоғары баға алғаны жайлы айтып өтті.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»